Абай поэзиясының бүкіл қайнар бұлағы – «Толық Адам» концепциясы. Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті деп адамның тұла бойы ыстық қайратқа, нұрлы ақылға, жылы жүрекке толы болуы керек.
Сонда ыстық қайрат – ол талап, еңбек, шыдамдылық. Нұрлы ақыл – терең ой, білім, зеректік. Жылы жүрек – рақым, махаббат, ұят, қанағат.
Адам болам десеңіз, бес нәрсеге асық бол: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым. Бес нәрседен қашық бол (бес дұшпан): өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ.
Абай бұл мәселеге қара сөздерінде де толық тоқталды. 18-ші қара сөзінде ақыл, қайрат, жүрек үшеуін айтыстырып барлығың бір болсаң,толық адам сонда шығады дейді. Отыз төртінші сөзінде: «Адам баласына адам баласының бәрі - дос» деген хакім Абай ұлтқа, дінге, нәсілге, әлеуметтік жікке, жынысқа бөлмей баршаға махаббат сезімде болуды үндеуі, қазіргі адамзат қоғамының басты ұранына айналуы тиіс. Мынау бізге жат, мынау бізге теріс деуге мүлде болмайды, мынау өзге діннен, мынау өзге ұлттан деп адам мен қоғам түрлі шектеу, тыйым, наразылық, жиіркеніш, жеккөрушілікті өршіткенде ешқашан келісім мен татулық болмайды.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек - дейді. Олай болса, Абай үшін дүниенің басты құндылығы – адам, жәй ғана адам емес, рухани тұрғыда кемелденген толымды адам. Адамзат өркениетіндегі барлық игі қасиеттер: дін, иман, ғылым, білім, тәрбие, әдеп, өнер, құқық, іскерлік, тапқырлық, қайраткерлік, азаматтық, жомарттық, әділеттік, т.б. бойында жетілдіре білген, дамытқан адам – Абай ұсынған «толық адам» концепциясы.