Абай (Ибраһим) Құнанбаев (1845-1904) — Ұлы ақын, жазушы, қоғам қайраткері, композитор, философ, саясаткер, ағартушы, қазақтың реалистік жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы. Абай халықтың ағарту ісін өркендету үшін шығыс және батыс мәдениетін жан-жақты зерттеп, сол мәдениет негіздерін өз халқына үлгі-өнеге етіп көрсете білді. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған.
Ұлы Абайдың қара сөздері қазақтың ұлттық педагогикасына асыл арна болып қосылған педагогикалық (тәлім-тәрбиелік) тұжырымдар. Абай өлеңдері еңбекке, ғылым, өнер үйренуге, адамгершілікке тәрбиелейді. Абай шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен. Абай отандық мәдениетіміз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады.
Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» - тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.